Іс-шара алаңында Қазақстан мен Орталық Азияға инвестициялау мүмкіндіктерін талқылау үшін 70 инвестициялық банктерден, халықаралық қаржы, консалтингтік компаниялардан, заң фирмаларынан 120 өкіл келіп қатысты.
АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров британдық компаниялардың өкілдеріне Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды:
«Еуропа, Азия және Таяу Шығыс арасындағы стратегиялық орналасу Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одақтың, сондай-ақ Қытай мен Каспий өңірі елдерінің негізгі нарықтарына тікелей қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Жаһандық геосаяси жағдай елдерді халықаралық нарықтарға жаңа жол іздеуге және дәстүрлі сауда жолдарын өзгертуге мәжбүр етеді. Бұл тұрғыда Еуропа мен Азияны байланыстыратын Орта дәліз жобасы Еуразия құрлығындағы байланыстарды дамыту мен нығайтудағы маңызды бағытқа айналды. АХҚО осындай ірі инфрақұрылымдық жобаларды құрылымдау үшін таптырмас алаң деп есептеймін».
Еліміз Орталық Азия елдері арасында шетелдік инвестицияларды тартуда көшбасшы саналады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 млрд долларды құрады, бұл өз кезегінде соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш саналады. 2023 жылдың тоғыз айында ел экономикасына 19,7 млрд доллар соммасына тікелей инвестициялар тартылды. Инвесторлар тау-кен, өңдеу өнеркәсібіне, көтерме және бөлшек саудаға, қаржылық және сақтандыру қызметіне белсенді қызығушылық танытты. АХҚО шетелдік инвесторларға таныс юрисдикцияны, оның негізінде Англия мен Уэльстің жалпы құқығы негізінде тәуелсіз сот жүйесін, сенімді құқықтық базаны, дамыған қаржылық инфрақұрылымды, инновацияларды, оның ішінде жасыл қаржы саласындағы сараптаманы ұсыну есебінен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Ұлыбритания жыл сайын еліміздің ең ірі 10 инвесторларының қатарына кіреді. 2005 жылдан бастап 2023 жылдың 9 айына дейін Ұлыбританиядан Қазақстанға инвестициялардың жалпы ағыны 17 млрд долларды құрады. Бүгінгі таңда АХҚО юрисдикциясында White Нill Capital Ltd, BV Technology Limited, VРЕ Capital Fund Management Limited, т.б. секілді британдық 62 компаниялары тіркелген. Ағылшын бизнес өкілдері қаржы, консалтинг, тау-кен өндірісі, IT саласында қызмет көрсетіп келеді.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ашылғалы бері Қазақстан экономикасына 10,9 млрд доллардан астам қаражат тарта білді, оның шамамен 40%-ы Astana International Exchange (AIX) биржасында тартылды. J.P. Morgan, Bank of New York, State Street, Citi, BNP Paribas және Northern Trust сияқты әлемдегі ең ірі кастодиан банктер AIX-тің депозитарлық клиенттеріне айналды және биржада бағалы қағаздарды ұстайды. АХҚО шетелдік және қазақстандық инвесторлар сауда жасайтын интеграцияланған капитал нарығын құра алды, мәселен 2023 жылғы қарашада AIX-те сауда-саттықтың 61 пайызын шетелдік инвесторлар жасады.
Іс-шара аясында үш панельдік сессия өтті, онда ірі шетелдік және отандық компаниялардың өкілдері қазақстандық капитал нарығын дамыту перспективаларын, сондай-ақ Орталық Азияның белсенді дамып келе жатқан өңіріндегі қаржылық қызметтер саласындағы өзгерістерді талқылады. Спикерлер арасында Киян Зандиех (Sturgeon Capital ақпараттық технологиялар жөніндегі басшысы), Анджела Найт (AFSA тәуелсіз директоры), Хью Моррис (Z/Yen ғылыми серіктесі), Ник Кауфманн (WOOD&Company акционерлік капитал нарықтары бойынша басшысы), Евгений Монахов (Polymetal International plc. инвесторлармен байланыс жөніндегі директоры), Марат Диқанбаев («ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ қаржы департаментінің директоры), Иван Старцевич (Citi акционерлік капитал нарықтары жөніндегі басшысы), Джанет Хекман (AIX тәуелсіз директоры), Сейітжан Жаныбеков («Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ атқарушы директоры), Виктор Сабо (Аbrdn Инвестициялар жөніндегі директоры), Ботагөз Әбішева («Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары), Сәуле Жақаева («Ситибанк Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы), Дэн Ангелаш (Debtwire Проблемалық берешектер жөніндегі үйлестірушісі) секілді қатысушылар бар.
«Қазақстан мен Орталық Азиядағы қаржылық қызметтер: АХҚО ойын ережелерін өзгерте ала ма?» деп аталатын бірінші сессияда қатысушылар қаржы орталығының өңірдің қаржы секторын дамытудағы басты рөлі мен сын-қатерлерін талқылады. Екінші сессия Қазақстандағы акционерлік капитал нарығын дамыту болашағын талдауға арналды. Үшінші сессияда қатысушылар Қазақстандағы борыштық капитал нарығын дамытуға өз ойлары мен ұсыныстарын білдірді. Жоғары пайыздық мөлшерлемелі нарықтық жағдайларға қарамастан, 2023 жылы AIX биржасында листингтер саны, сауда-саттық көлемі және бизнес тартқан капитал көлемі сияқты рекордтық көрсеткіштер тіркелді.
АХҚО биржасы іске қосылған сәттен бастап тартылған борыштық капиталдың жалпы көлемі 4,2 млрд долларды құрады, үлестік капитал 365 млн-ға тең болды. 2023 жылы ең көп сатылатын бағалы қағаздар Polymetal International акциялары болып тіркелді. Олар сауда-саттықтың жалпы көлемінің 31,1 пайызын құрады. Екінші орында 30,7%-бен «ҚазМұнайГаз» тұр. Ал «Қазатомөнеркәсіп» 18,2% көрсеткішпен жоғары сұранысқа ие болуда.
Қаржы нарығының алдыңғы қатарында бола отырып, АХҚО Қазақстан экономикасына инвестициялар тартуға, қор нарығын қоса алғанда, елдің қаржы саласын дамытуға, сондай-ақ халықаралық капитал нарықтарымен ортақ жұмыс істеуге мүдделі әрі бұл бағытта дами береді.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу әрі жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы мен дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. АХҚО-да тіркелген компаниялардың саны әлемнің 78 елінен 2400-ден асты.
2023 жылы АХҚО Орталық Азия және Шығыс Еуропа өңірінде (Global Financial Centres Index рейтингіне сәйкес) көшбасшылықты сақтап, бизнесті, іскерлік ортаны ашу әрі жүргізу, инвестициялар тарту, адами капиталды дамыту үшін тиісті қолайлы құқықтық, реттеуші ортаның және дамыған инфрақұрылымның жоғары деңгейін көрсетті. Сондай-ақ, АХҚО Жасыл қаржы орталығының тиімді жұмысының арқасында Астана Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде Жасыл қаржы жаһандық рейтингінде (GGFI) 1-ші орынға табан тіреді.
2023 жылы Қазақстанның FATF/EAG өзара бағалау рәсімінен өтуі жөніндегі жоба сәтті аяқталды. АХҚО юрисдикциясы ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық стандарттарға (АЖ/ТҚҚ) сәйкес деп бағаланды.
АХҚО салық режимі экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) салықтық ашықтығының жаһандық стандарттарына сәйкес деп танылды.
АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) дауларды шешу үшін беделді әрі тиімді алаң ретінде танылды. АХҚО сотының төрағасы Лорд Бернетт Мэлдонский, ал ХТО төрағасы Томас Крюммель болып табылады.